®
русский   english
 

“АСЫЛ МҰРА” ЖОБАСЫ: ӨНЕГЕЛІ ЕЛ ТАРИХЫ - ӨНЕРСІЗ БОЛМАС

Қазақ халқы өзінің мыңдаған жылдық тарихында жасалған баға жетпес қордаланған шұрайлы музыкалық мәдениетімен дәстүрлерін күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Тарихтың ұзақ көшінде номадтық өркениетті көшпенділер ғана тудыра алатын аса бір ерекше асқақ сезімде дамыған өнері, музыкалық мәдениеті, ауыз әдебиеті мен қолданбалы қол өнері болған ел. Қазақтар музыкалық жағынан аса қабілетті сезімтал халық, күні бүгінге дейін кез-келген отбасында ән салып домбыра тартпайтын адам кемде-кем. Олар ән мен күйді жан азығы “құлақтан кіріп бойды алар” деп сүйіп айтып, ұйып тыңдай да біледі. Ұлы дала дағдысында халық азулы ақындарымен қарулы батырларын, он саусағынан күй құйылған күйшілерін елдің еркесі деп ханымен, батырымен қатар қойып ең құрметті азаматтарына балаған.

Сан ғасырлар көшінде халық өз музыкалық қазына байлықтарын, өз өнерін өздері таратып өздері насихаттап шашау шығармай, жоғалтпай сақтап келеді. Буырқанған ХХ ғасыр адамзат баласы ұрпақтарына шабытты бай музыка ғана қалдырып кеткен жоқ, қайталанбас сазды сиқырлы үні бар керемет музыкалық аспаптардың дауысын ұлы орындаушылары жеткізіп кетті. Өкінішке орай бүгінгі күні осы музыкалық мұраны сақтап қалу ісі қиынға соғып тұр. Жанкешті білгір құмарпаз маман жандар талмай еңбектеніп іздеп тапқан не бір асыл інжу дәстүрлі ұлттық музыканың үлгілері Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Қали Жантілеуов, Жаппас Қаламбаев орындаған ғажайып саздар мен ән өнерін жаңа кәсіби биікке көтеріп алғашқы болып сахнада ән салған Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің дауыстары жазылған магнитофон таспаларымен басқа да дыбыс жеткізгіштерге түскен аса құнды дауыстар ұзақ уақытқа шыдамай тозып бітуге шақ қалды. Қолдағы бар дүниені іске асыра алмасақ оны қарапайым адам пайдалана алмаса тозып құр жатқанынан не пайда? Бұрынғы грампластинкаларға, катушкалы магтитофондарға жазылған дауыстарды тыңдайтын аппаратураларды табудың өзі қиынға соғып барады. Бұлардың бәрі жоққа айналды.

Жаңа дамыған сандық дыбыс жазу технологиясы осы мол қазына байлықтарымызды, ұлы музыканттарымыздың шығармаларын, бүгінгі замандастарымыздың туындылары мен өткен ғасыр басында жазылып мұрағат қорларында жатқан аудиожеткізгіштердегі құнды дауыстарды болашақ ұрпақ үшін ғасырлар бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Міне осы бір құнды мақсатты қазақ халқының музыкалық өнеріндегі ең озық асыл мұра қазына-байлықты сақтап қалу, жаңғырту қайта өңдеп тазалап жаңа дыбыс жеткізгіштерге көшіріп жазуды “Асыл мұра - Қазақстанның музыкалық мұрасы” жобасы жүзеге асырмақ. Коммерциялық емес бұл мәдени жобаның құрылтайшылары: Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, “Хабар” агенттігі, ТМД елдеріндегі “Кока-Кола Сервисез Лтд” компаниясының Қазақстандағы өкілдігі, “Қазақстан” РТРК ЖАҚ және “ UMS ” агенттігі” қоғамдық қоры (“Құрылтайшылардың жоба туралы” нұсқауын басыңыз).

Жобадағы маңызды рольді “Кока-Кола” өкілдігінің демеушілігі атқарады. “Асыл мұра” жобасының алдына қойып отырған ұлан ғайыр жұмыстары осы ТМД елдеріндегі “Кока-Кола Сервисез Лтд” өкілдігі қаржылық көмек көрсеткенде ғана жүзеге асқан болар еді.

Компания үшін жобаның осындай игілікті шараларға бағытталғандығы аса қажет, олардың басқа демеушілерден айырмашылығы қаржыны сол елдің рухани байлықтарын сақтап қалуға жұмсауында(компанияның WEB - ca йт нұсқауын басыңыз).

2001 жылдың ақпан айында Қазақстанның ең үлкен қаласы, әрі компания өкілдігі орналасқан Алматыда Анкара қонақ үйінде “Acыл мұра – Қазақстанның музыкалық мұрасы» жобасы құрылтайшыларының бірлескен Меморандумға қол қою рәсімі және жобаның тұсау кесері өтті. Бұл қол қою рәсімі мен «Асыл мұра» жобасының өзі еліміздің мәдени өміріндегі аса бір елеулі және айрықша мәнді оқиға болып есте қалды(жобаның тұсау кесерінен түсірілген суреттер нұсқауын басыңыз).

«Асыл мұра» жобасын жүзеге асырып үйлестіру үшін арнайы құрылған «Universal Media Service” қоғамдық қоры сәуір айында музыкалық мұраларды қайта қалпына келтіру, сақтап қалу жұмыстарын жүргізуге дыбыс жазу студиясының құралдарын алуға тендер жариялады. Бұған ҚР кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазу Мемлекеттік Орталық мұрағатынан арнайы бөлме бөлінді(мұрағаттың WEB -сайт нұсқауын басыңыз). Оны жөндеу, түгелдей жабдықтау шығындарын “ТМД елдеріндегі Кока-Кола Сервисез Лтд” өкілдігі көтеріп, 2001 жылдың тамызында студия салтанатты түрде ашылды.

Дыбыс студиясы OTARI фирмасының магнитофонымен жабдықталды.

Магнитофон ертеде жазылған дауыстарды сақтай отырып мұқият салыстырып оқитын жаңа сапалы компьютерлік қондырғымен жабдықталғандықтан ескі жазуларды өзі тазалап қайта қалпына келтіріп сұрыптайтын ең соңғы үлгідегі ДАТ- магнитофонының көмегі арқылы тазаланған музыкалық дауыстар сандық дыбыс жеткізгіштерге көшіріледі. Техниканың ең соңғы үлгісімен жабдықталған Қазақстанда теңдесі жоқ бұл студия әлемдік деңгейге сай, әрі мүмкіндіктері де мол. Оның кереметтігі тек бір магнитофонының өзі “Асыл мұра” жобасының сұранысы бойынша арнайы жасалып Оңтүстік Америкадан алынды.

Студия ашылған соң жобаның негізгі жұмыстары да қызу басталып кетті. Музыкалық сарапшылар мұрағат қорында жатқан аса құнды дүниелерді бірінші кезекте тыңдап қайта қалпына келтіруге, жаңғыртуға жарайтындарын саралап іріктеп алды. Осы өткен уақыттың ішінде Мұрағат

қызметкерлерінің арқасында көп жұмыс істеліп бір жарым мыңнан аса сақталған музыкалық шығармалар, қымбат дауыстар қалпына келтірілді. Жалпы “Асыл мұра” жобасы бойынша жаңа дыбыс жеткізгіштерге бес мың сағаттан астам тыңдауға жететін таза музыкалық дауыстар жаңғыртылып қазіргі жаңа дыбыс жеткізгіштерге көшіріледі, бүгінде Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазу Мұрағатында он жарым мыңнан астам бағалы дауыстар сақтаулы. Мұнымен бірге “Асыл мұра” жобасы аясында музыкалық аса құнды жазбалар ізделіп жеке адамдардың сақтауында, кітапханаларда, теледидар мен радио қорларында, тіпті басқа мемлекеттерде сақталып қалған музыкалық мұраларды Мұрағатқа өткізу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мәселен өткен ғасырдың 20- жылдары Париждегі Әлемдік көрмеге қатынасып күллі европа халқын аузына қаратқан Әміре Қашаубаевтың дауысы әлі де Мәскеуде.

“Асыл мұра” жобасы жұмысының екінші бір бөлігі – қайта қалпына келтірілген дауыстарды лазерлік саз табақшасы етіп мол таралыммен тегін шығарып қазақ халқының аса көрнекті інжу-маржан музыкалық мұрасын тек Қазақстанға ғана емес, шет елдердегі өнер сүйер қалың көпшілікке жеткізу(үш дискінің сыртқы қабығы).

2002 жылдың шілде айының басында “Анкара” қонақ үйінде осы аталған дискілердің алғашқысы Қазақ КСР- ның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығына арналған С D - дискісінің тұсау кесері болды. Ғарифолла Құрманғалиев халықтың сүйікті әншісі, ел ішіне көп тараған танымал әндердің авторы, Батыс Қазақстандағы дәстүрлі вокалды - аспаптық ән мектебінің көрнекті өкілі. Оның әншілігі ерекше жарқ-жұрқ еткен орындаушылық өзіндік стилі қазақ халқының музыкалық өнеріндегі термешілік пен төкпелікті қатар тең ұстаған қарасуды қайнатардай екпін бұрқыраған тасқынды сөз өнері мен шешендік қимыл әрекеттері қабысып қазақтың екі шекті ұлттық аспабы домбыраны бұлбұлдай сайратып құлындай кісінететін ақ жыны бар еді- ғой. Тұсау кесерге атақты композиторлар, белгілі әртістер, әншінің туыстарымен балалары, қызметтес болған достары, баспасөз өкілдері қатынасып, бір керемет шығармашылық көңіл күйдегі кездесу кеші болып есте қалды(дискінің тұсау кесерінде түсірілген фотолар нұсқауын басыңыз, дискіге жазылған алғысөз бен дискінің өзі).

Жобаның екінші дискісіне Кеңестер Одағының халық әртісі, жезтаңдай әнші, халықтың аяулы ән еркесі, көркем де сұлу сопрано дауысты Күләш Байсейітованың орындауындағы іріктелген таңдаулы туындылар енді. Ғарифолла Құрманғалиев сияқты Күләш Байсейітова да халықтың қалың ортасынан шыққан тума талант, халық қазынасының қайнар көзіндей баға жетпес ғажап әншілігінің арқасында халық әндерін орындаумен қатар кәсіби опера сахнасының жарық жұлдызына айналып ұлттық опера өнерінің тұңғыш туындылары “Қыз Жібек”, “Біржан- Сара”, “Абай” операларының басты рольдерін, негізгі партияларын айтқан, қысқа ғұмырының соңына дейін өнер жолында жарқырап жанған жарық жұлдыздай болған адам. Оның үстіне дискінің шығуы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай Қазақ елінің мәдени қоғамдық ұйымдары жақында атап өткен Күләштің тойына ерекше бір тарту іспетті болды(дискінің алғысөзі нұсқауын басыңыз, әндердің сөзі, нотасы және дискінің өзі).

Коммерцияға жатпайтын гуманитарлық “Асыл мұра” - “Қазақстанның музыкалық мұрасы” жобасы шығарған үшінші дискіде көрнекті аспаптанушы ғалым және қоғам мен мәдениет қайраткері Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың дауысы бар. Жинаққа Б.Ш.Сарыбаевтың басқаруында көне ұлттық халық аспаптары ансамблінің орындауындағы шығармалар жазылды(дискінің алғысөзі нұсқауын басыңыз, нотасы және дискінің өзі).

“Асыл мұра” жобасы құрылтайшыларының айтуы бойынша дискілер тек Қазақстанның бай музыкалық қазынасын тарату, кең насихаттау мақсатында шығарылады. Біразы түрлі мәдениет мекемелеріне, музыкалық оқу орындарына, кітапханаларға таратылады.

Қазақ халқы өзінің аласапыран тарихында шынайы музыкалық ғажап өнер шығармаларын тудыра білген талантты халық. Бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз осы бағалы байлық баба мұрасы мол қазынаны келер ұрпаққа жеткізу, сақтап қалдырып кету.
Жобаның үйлестірушісі–"UMS" агенттігі
e-mail:
[email protected]
поддержка сайта