русский    english
Музыкальное наследие Казахстана

Қазақ музыка мәдениетінің корифейі – Ахмет Жұбанов

Құрметті тыңдаушы! Сіздің қолыңызға “Асыл Мұра” коммерциялық емес гуманитарлық жобасы бойынша «Кока–Кола ТМД Сервисиз Лтд» өкілдігінің және «Казэнерджи» қоғамдық қорының қаржылай көмегі арқасында шығарылған көрнекті қазақ композиторы А. Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған кезекті диск тиді.

XX ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің А. Жұбанов қомақты үлес қоспаған, өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырмаған саласы кемде–кем. Ахмет Қуанұлының бүкіл саналы ғұмыры өз елінің музыка мәдениетін қалыптастыру және оны көркейту жолындағы белсенді қызмет үстінде өтті. Ол көптеген келелі істің басында болды, атап айтқанда: музыкалық фольклористика, қазақ музыкатану ілімі, Қазақстан Композиторлар одағы, кәсіптік музыкалық білім беру саласы. А. Жұбанов қазақ мәдениетіне музыкаландырудың тың формасын таныстырды. Ол – қазақ халық аспаптар оркестрі. Қазір жұртшылық бұл ұжымжы атақты Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі деп біледі. Ахмет Қуанұлы тамаша музыкалық туындылардың авторы, өңдеушісі және дирижері ғана емес, сонымен қоса оларды үйретуші, таратушы, насихаттаушы педогог–лектор болды, халық шығармашылығынан мыңнан астам ән мен күй жазып алып нотаға түсірді. Халық композиторлары туралы ел аузынан жинаған мәліметтер бірқатар ғылыми мақалалар мен шығармаларға арқау болды. А. Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан теңдесі жоқ үлесі адам қабілетінің қандай құдіретті болатындығының шынайы көрінісі. .

Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылдың 29 сәуірінде Ақтөбе облысында туды. Он үш жасында әкесінен айырылған Ахметтің саналы тәрбие, сапалы білім алуына ағасы Құдайберген Жұбанов өте үлкен ықпал етеді. Құдайберген Жұбановтың өзі де кейін ғылымның асқар биігіне шығып, қазақтың тұңғыш лингвист профессоры ретінде танылады. 1929 жылы оқуға жіберілген Құдайберген, Ленинградқа інісі Ахмет Жұбановпен бірге аттанады. Әлемдік білім мен ғылымның орталығы болған бұл қалада Ахмет танымал музыкатанушылардың, филологтардың, этнографтардың дәрістерін тыңдайды, Ленинград консерваториясының студенті атанады, кейіннен Өнер академиясының аспирантурасына түседі. Алматыда музыкалық драма техникумының ашылуына байланысты Ахмет Қуанұлы оқу бөлімінің бастығы қызметіне шақырылады. Бұл кезде Ахмет Жұбанов тек қазақ музыкалық фольклорын ғана емес, өзінің ең бірінші музыкалық–теориялық еңбегі "Музыка әліппесін" жаза бастаған еді. Техникумда А. Жұбанов қазақ музыкасы тарихындағы бірінші ғылыми шаңырақ – халық музыкасын үйрету кабинетін, халық аспаптарын жетілдіруші музыкалық шеберханасын ашады, музыкалық–драмалық театрдың 11 домбрашы–студентінен құралған ансамбльді ұйымдастырады. Осы ансамбльдің Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік халық аспаптар оркестрін құруда негізгі творчестволық ұйтқы болғаны бәрімізге аян. Дәстүрлі қазақ музыкасының Европаның, орыстың музыка мәдениетімен жақындасуының өзара ықпалдасуының басы осылай басталған еді. Соның нәтижесі – Қазақстанның қазіргі музыка өнері. А. Жұбанов өзінің шығармашылық дарындылығы, кемел білімі, ғажайып ұйымдастырушылық қабілеті арқылы қазақ музыка мәдениетіне өшпес із қалдырған дарын иесі. .

Қазақ халық аспаптары оркестрі – А. Жұбановтың шығармашылық қызметінің аса елеулі, қайталанбас тұстарының бірі. Оның көп дауысты ұлттық оркестр құруы – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениеті деген ұғымды нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдырды. Ахмет Қуанұлы оркестр репертуарын қалыптастыру, музыканттардың кәсіби деңгейін жетілдіру бағытында да аянбай еңбек етті. .

А. Жұбанов композитор ретінде түрлі жанрда қайталанбас құнды туындыларды: аспаптық, вокалдық шығармаларды, хорлар мен музыкалық-драмалық шығармаларды (опера, драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге жазылған музыкаларды) дүниеге әкелді. А. Жұбановтың "Ария", "Романс", "Көктем" сияқты аспаптық шығармалары скрипкада, қобызда, виолончел және басқа да аспаптарда орындалады. Көптеген музыканттардың, әсіресе, жас пианистердің репертуарында міндетті түрде “Тәжік биі”, “Қазақ биі” шығармалары болады. А. Жұбановтың көпшілік сүйіп тыңдайтын "Қарлығаш", "Ақ көгершін", "Ұмытпа", "Ақ Шолпан" сияқты вокалды туындылары өзінің ерекше ұлттық нақышымен, шынайылығымен, тазалығымен баурап алады. Оркестрге арналған шығармаларының ішіндегі қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап жазған "Абай" сиютасы өз алдына бір төбе. .

А. Жұбановтың композитор ретінде бағындырған биіктерінің бірі – опера жанры. Л. Хамидимен бірігіп жазған "Абай" операсы – қазақ жазба әдебиетінің кемеңгері Абайдың тереңдігімен, асқақтығымен ұштасып жатқан туынды. Абайдың туған халқына деген сүйіспеншілігі опера музыкасында терең, табиғи үндестік тапқан. .

"Құрманғазы" радио–операсы – операның жаңа бір жанрлық түрінің көрінісі. Өкінішке орай, Ахмет Қуанұлы арманын ақырына дейін орындай алмай кетті. Бұл операның соңғы нүктесін қойған және аспаптық, концерттік және сахналық нұсқасын жазған оның қызы – көрнекті композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова. Ол әкесінен асқан дарындылық пен туған халқының мәдениетін дамыту мен гүлдендіруге деген шексіз құштарлықты мирас етіп алды. .

Бірінші дискіге А. Жұбановтың ең танымал шығармалары – оның өз туындылары мен қазақ халық аспаптар оркестріне арнап өңдеген күйлері (бірқатары өз жетекшілігімен орындалған), камералық (аспаптық және вокалдық) шығармалары, сондай-ақ, "Құрманғазы" радио–операсынан үзінді енгізілді. .

Академик, Қазақ ССР–інің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А. Жұбанов музыкатану саласының да жолбасшысы болды. Ол өз бағытын ғана емес, Қазақстан музыкатану ғылымының да болашақтағы даму бағытын айқындап берді. Музыкатанушы А. Жұбанов зерттеулерінің басты тақырыбы – ХІХ ғасырдағы халық композиторы, күйші, күй өнерінің майталманы Құрманғазы. Ол – Құрманғазы туралы монографиялық еңбек (1936) пен бірнеше мақаланың авторы, Құрманғазы күйлерінің жинағын шығарушы. Жұртшылыққа кеңінен танымал “Ғасырлар пернесі” атты еңбектегі Құрманғазы туралы очерктің орны ерекше. .

Қазақ радиосы үшін арнайы дайындалып, эфирде Ахмет Жұбановтың өзі оқыған "Құрманғазы" тақырыбындағы лекция–концерт көне музыкалық мұраларды жинаушы, зерттеуші ұлы ғалымның жаңа бір қырын – лекторлық ерекше шеберлігін көрсетеді. А. Жұбановтың лекторлық шеберлігін оның замандастары да бір кісідей бағалайды. Бірқалыпты шығатын тұнық дауысы мен өзіндік тартымдылығының арқасында оның әр сөзі тыңдаушыны еріксіз баурап алатын. Аздаған қысқартулармен енгізілген екінші дискідегі А. Жұбанов дәрісінің мұрағаттық жазбасы дарын иесінің жан–дүниесінің байлығы мен ой–өрісінің кеңдігін, тілінің нәрлілігі мен баяндау мәнерінің асқан шешендігін паш етеді. .

Құрастырушы–редакторлар: БАЙҚАДАМОВА Б.Б., ЕЛАМАНОВА С.А.


№ 1 Дискінің мазмұны

1. А. Жұбанов. "Абай" сюитасы
Файылды көшіру (15,4 Мb)

2. А. Жұбанов. "Айман–Шолпан" тақырыбына фантазия.
Файылды көшіру (4,84 Мb)

3. Дәулеткерейдің күйі "Қосалқа". Өңдеген А. Жұбанов.
Файылды көшіру (2,29 Мb)

4. А. Жұбанов. "Би " күйі.
Файылды көшіру (2,40 Мb)

5. А. Жұбанов. "Би " күйі.
Файылды көшіру (2,25 Мb)

6. А. Жұбанов. "Қазақ маршы".
Файылды көшіру (3,43 Мb)

7. Халық күйі "Жетім бала". Өңдеген А. Жұбанов.
Файылды көшіру (1,95 Мb)

8. А. Жұбанов. "Ария".
Файылды көшіру (2,41 Мb)

9. А. Жұбанов. "Көктем".
Файылды көшіру (2,89 Мb)

10. Ықыластың күйі "Жез киік". Өңдеген А. Жұбанов.
Файылды көшіру (2,15 Мb)

11. А. Жұбанов. "Романс".
Файылды көшіру (3,85 Мb)

12. А. Жұбанов. "Қарлығаш".
Файылды көшіру (2,58 Мb)

13. А. Жұбанов. "Ұмытпа".
Файылды көшіру (2,06 Мb)

14. А. Жұбанов. "Ақ көгершін".
Файылды көшіру (2,16 Мb)

15. А. Жұбанов. "Тәжік билері" № 1
Файылды көшіру (2,41 Мb)

16. А. Жұбанов. "Тәжік билері" № 2
Файылды көшіру (875 Кb)

17. А. Жұбанов. "Тәжік билері" № 4
Файылды көшіру (2,33 Мb)

18. А. Жұбанов. "Тәжік билері" № 5
Файылды көшіру (1,28 Мb)

19. А. Жұбанов, Ғ.Жұбанова. "Құрманғазы" радио-операсына кіріспе.
Файылды көшіру (3,19 Мb)

20. А. Жұбанов, Ғ.Жұбанова. "Құрманғазы" радио-операсынан Құрманғазының ариясы.
Файылды көшіру (3,42 Мb)

21. А. Жұбанов, Ғ.Жұбанова. "Құрманғазы" радио-операсынан Алқаның ариозосы.
Файылды көшіру (2,41 Мb)

№ 2 Дискінің мазмұны

1. “Халық композиторы Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы” атты дәріс–концерт
Файылды көшіру (18,9 Мb)

2. “Халық композиторы Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы” атты дәріс–концерт
Файылды көшіру (23,3 Мb)

3. “Халық композиторы Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы” атты дәріс–концерт
Файылды көшіру (5,68 Мb)

Орындаушылар:
Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. Дирижері – Қазақ ССР-інің Халық әртісі Ахмет Жұбанов (1, 3, 4, 6, 7),
Қазақ ССР-інің Халық әртісі Алдаберген Мырзабеков (2),
КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиев (12, 13, 14).
Абай атындағы МАОБТ Симфониялық оркестрі. Дирижері – Қазақ ССР-інің Халық әртісі Тұрғұт Османов (16, 17, 18).
Виолончелистер ансамблі. Жетекшісі – ҚР Халық әртісі Жамбыл Баспаев (11).
Жеке аспаптарда орындаушылар: домбырада – Ермек Қазиев (5),
скрипкада – Әйткеш Толғанбаев (8),
скрипкада – Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген әртісі Иосиф Коган (10),
қобызда – Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі Меруерт Каленбаева – (9),
фортепианода – Гүлнар Садықова (15).
Жеке дауыста орындаушылар: КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаев (17),
Қазақ ССР-інің Халық әртісі Эра Епонешникова (18),
Гүлзада Есбергенова (12,13, 14).
Концертмейстері: Қазақ ССР-інің Халық әртісі Семен Коган (8, 9, 10).
Жобаның үйлестірушісі–"UMS" агенттігі
тел.: +7 727 273 02 43
e-mail:
[email protected]